Бішкек-Новосібір пойызында 3,5 келі гашишпен Қырғызстан азаматы ұсталды - ҰҚК

АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - 3,5 келі гашиш алып өтпек болғаны үшін Бішкек-Новосібір пойызында Қырғызстан азаматы ұсталды.

Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Шекара қызметінің «Солтүстік» аймақтық басқармасының «Ауыл теміржол стансысы» шекаралық бақылау бөлімінің наряды кеше, 2 желтоқсан күні «Бішкек-Новосібір» пойызы вагондарының бірінің тамбурындағы құпия жерден иісшіл иттің көмегімен есірткі затын тапты. Әлгі заттың жалпы салмағы 3,5 келі гашиш екені анықталып, есірткі заттарын тасымалдады деген күдікпен Қырғыз Республикасының азаматы ұсталды. Бұл факті бойынша тергеу амалы жүргізіліп жатыр.

Қазақстандық шекарашылар жылдың басынан бері 3 тоннадан астам есірткі заттарын тәркіледі, оның 34 келіден астамы - героин.