Бішкекте қазақ-қырғыз жастар форумы өтіп жатыр

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстанның белсенді жастары Бішкекте өткен Қырғызстан-Қазақстан жастар форумында бірлескен бастамаларды көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Астана дипломатиялық клубы мен Қырғыз Республикасы үкіметі жанындағы Жастар істері, денешынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенті ұйымдастырған форумға екі елдегі жастар ұйымдарының 100-ге жуық өкілі қатысты.

Астана дипломатиялық клубының президенті Қайырболат Сахметовтің айтуынша, кездесуді өткізудегі мақсат - Қазақстан мен Қырғызстанның жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері және студенттері арасында ынтымақтастықты дамыту, екіжақты жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға жағдай жасау, мәдениетаралық диалогты дамытуды қолдау.

Кездесуде «Орталық Азия цифрлық клубы» және «Орталық Азия дипломатиялық мектебі» атты жаңа жобалар мақұлданды. Кездесу қатысушылары бірауыздан «Бір өзен - бір тағдыр» («Ортақ өзен - ортақ тағдыр») бірлескен экологиялық акциясын өткізу қажеттігін айтты.

Бұдан тыс, қазақстандық қатысушылар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 қазандағы Жолдауында айтылған 2019 жылды Жастар жылы деп жариялау туралы бастамаға тоқталды. Осыған байланысты, бүгінгі форум қатысушылары осындай форматтағы келесі кездесуді Астанада өткізуді ұсынды.