Бішкекте Қазақстан азаматын өлтірген қылмыскерлер ұсталды

БІШКЕК. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Ыстықкөл аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздеу қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматы, Алматы қаласының тұрғыны ҚР Ұлттық банкі қаржылық бақылау комитетінің қызметкері, 1979 жылғы Ерлан Балмахаевты өлтірген қылмыскерді қолға түсірді.

Бұл туралы Қырғыз Республикасы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады. Қылмыс Ыстықкөл ауданы Қара-Ой ауылындағы «Рохат-НБУ» пансионатының жағажай аумағында 2011 жылдың 7 тамызына қараған түні болған. Шамамен түнгі сағат 03.00-де жағажайда Қазақстан Республикасының азаматы Ерлан Рахманұлы Балмахаевты белгісіз біреулер ұрып, тонап кеткен. Ол Шолпан Ата қаласындағы Ыстықкөл аудандық ауруханасына жатқызылған болатын.

Алайда ол есін жимастан 2011 жылдың 14 тамызы күні қаза тапты. Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің көмегімен Ерлан Балмахаевтың денесі сол күні отанына жеткізілген.

Жедел-тергеу шараларының барысында осы ауыр қылмысты жасаған адамдар анықталды, олар 17 тамыз күні Бішкек қаласында қолға түскен. Олар 1991 жылы туылған К.Н. есімді Бішкек қаласының тұрғыны мен 1991 жылы туылған К.М. есімді және 1994 жылы тулыған Т.Т. есімді Ыстықкөл ауданының тұрғындары.

Қолға түскен адамдардан Ерланның күйеу баласы Дәурен Қастеевке тиесілі «ПОЛО» жазуы бар әмиян мен Ерлан Балмахаевтың «Омега» қолсағаты табылған.

Қылмыскерлер аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша қамау орынына жабылды, сондай-ақ Ыстықкөл ІІБ тергеу бөлімінің қызметкерлері осы қылмыс бойынша тергеуді жалғастыруда, деп хабарлады Қырғыз Республикасы ІІМ баспасөз қызметі.