Бішкекте құлаған ұшақтың жанармайынан балалар уланып қалған

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкек маңындағы Дача-Суу ауылында орын алған әуе апаты салдарынан төгілген авиациялық жанармай буынан балалар уланып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қырғызстандағы меншікті тілшісі.

Қырғызстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгін Дача-Су ауылында тұратын бес бала Бішкектегі №3 балалар ауруханасына жатқызылды. Бастапқы мәліметтерге сенсек, олар әуе керосинінен уланған.

Еске сала кетейік, 16 қаңтар күні сағат таңғы 7.31-де Бішкектің Дача-Суу ауылында әуежайға жақын жерде Гонконгтен Түркияға бет алған Boeing-747 жүк ұшағы құлады. Апат салдарынан 38 адам мерт болды, зардап шеккендердің бірі кеше ауруханада көз жұмды.