Бішкек полиция басқармасы әлеуметтік желідегі парақшасында жедел қызметкерлерінің бұзақыларды қолға түсіргенін мәлімдеген.
«10 желтоқсанда Бішкек қаласының Октябрь АІІБ-не Қазақстан Республикасының азаматы Д.Ш жазбаша арызданды. 7 желтоқсан күні шамамен сағат 15.00-де оған қылмыстық топ физикалық күш қолданып, белгісіз маркалы тапаншамен қорқытып, 40 000 АҚШ долларын қолма-қол алып кеткен.
Аталған дерек басқарманың қылмыстардың бірыңғай тізіліміне тіркеліп, Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 207-бабы (қарақшылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп жазды ведомство.
Тергеу және іздестіру іс-шаралары барысында Бішкек қалалық ІІБ-нің жедел уәкілдері аталған қылмысты жасауға 2-3 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы бар екендігі туралы ақпарат алған. Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел әрекет ету жасағы күдікті ретінде 1993, 1991 және 1996 жылы туған азаматтарды ұстады. Олар тергеу қызметіне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бішкектің Октябрь аудандық соты барлық күдіктілерді екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Видеодан алынған кадр