Бішкекте лаңкестермен байланыста болған қазақстандық ұсталды

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері халықаралық лаңкестік ұйымдардың (ХЛҰ) біріне қатысы бар Қазақстан азаматын ұстады. Бұл туралы Қырғыз Республикасы МҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

«2016 жылы 2 қыркүйекте Бішкек қаласында  ҚР МҰҚК органдары контртеррористік шаралар өткізу аясында Қырғызстанға келген Қазақстан азаматы - 1988 жылы туған Мамедов Шамо Рзаевичтің халықаралық лаңкестік ұйым мүшесі екені анықталды және ұсталды», - делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Ш.Мамедовтың Қырғызстанда ХЛҰ көшбасшысынан тапсырма күтіп жүргені анықталды. Сонымен бірге, Ш.Мамедов Қырғызстан аумағында жүріп, Сириядағы соғыс аймағына содырлар жіберу міндетін орындаған.

Күдіктіге қатысты ҚР МҰҚК Қырғыз Республикасы ҚК 346-бабы, 1-бөлімі және 350-бабы, 2-бөлімінде қарастырылған қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.