Бішкекте наразылық білдірушілер Ақ үйдің аумағына басып кірді
Дүйсенбі күні таңертең парламентке өтпеген партиялардың жақтаушылары Бішкек орталығында митингке шықты. Акцияға қатысушылар сайлау қорытындыларымен келіскен жоқ. Елдің Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, «Шу даңғылымен қозғалып, Жогорку Кенеш ғимаратын қоршаған темір қақпаны сындыруға әрекеттенген митинг қатысушыларын арнайы техниканың көмегімен қууға тура келген. Ал олар тас лақтырып, қақпадан өтпек болған».
Алдын ала мәліметке қарағанда, жексенбі күні өткен дауыс беру қорытындылары бойынша 16 партияның ішінде парламентке төртеуі – «Бірімдік», «Мекенім Қырғызстан», «Қырғызстан» және «Бутун Қырғызстан» өткен. Қалғандары 7-пайыз дауыс жинай алмаған.
Сондай-ақ қарсылық білдірушілер Алмазбек Атамбаевты ҚМҰК-дан шығарып алды .
Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Бішкекте жергілікті сағат 24.00-дегі жағдай бойынша митингіге қатысушыларды тарқату барысында зардап шеккен 122 адам ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, 4 қазанда өткен сайлау қорытындысына наразылық білдірген адамдар Ала-Тоо алаңына шығып, митинг өткізген болатын. Бұдан соң митингіге шыққандар Ақ үйді қоршап алды.
Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков парламенттік сайлауға қатысқан партия көшбасшыларымен кездеседі.