Бішкектегі А.Малдыбаев атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық опера және балет театрында болған «Шоқан Уәлиханов және Боранбай би. Тоғысқан тағдырлар» атты жиынды осы елдің Ұлттық ғылым академиясының президенті Абдығаны Эркебаев ашып, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Алтынбек Мақсұтов құттықтау сөз сөйледі.
Өз кезегінде сөз алған Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті Дархан Қыдырәлі бұл шараның бауырлас қос елдің тарихи және мәдени ынтымағын арттырудағы маңызын атап өтті. «Түбі бір туыс халықтар арасындағы байланыстарды тереңдетуге, түркі интеграциясының нығаюына және әдебиет саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін» Осмонакун Ибраимовты Түркі академиясының Құрмет грамотасымен және Жанкороз Каниметовты «Тұғырлы тұлғаларды ұлықтауда қосқан зор үлесі үшін» Алғыс хатымен марапаттады. Қырғыз Республикасының Президент аппараты, ҚР Жоғарғы Кеңесі мен Қырғыз Үкіметінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдар қатысқан айтулы шараға Қазақстан тарапынан бір топ мәртебелі делегация қатысты. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері кеңесінің Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д. Болат Көмеков, «Мәдени мұра» журналының бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы қос тұлға жайында баяндама жасады. Бұдан бөлек, осы салтанатты шара аясында Шоқанның өзі салған суреттері мен кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.