Бішкекте ШЫҰ мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысы басталды

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкекте «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысы басталды, деп хабарлады ҚазАқпараттың Бішкектегі меншікті тілшісі.

Президент кеңсесінде Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың ШЫҰ мүше мемлекеттердің үкімет басшыларымен, ШЫҰ бас хатшысымен және ШЫҰ АЛҚҚ  атқару комитетінің директорымен ұжымдық кездесуі өтті. Саммитке ШЫҰ мүше мемлекеттердің делегациясы, ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов, ШЫҰ АЛҚҚ АК директоры Евгений Сысоев келді. Қол алысу және фотоға түсу рәсімінен кейін шағын құрамда делегация басшыларының отырысы өтеді. Қырғыз Республикасының төрағалығымен өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылар кеңесінің кеңейтілген отырысы түстен кейін басталады. Отырыс аяқталған соң, қорытынды құжаттарға қол қою рәсімі өтеді.

ШЫҰ мүше мемлекеттерінің үкімет басшылары кеңесінің 15-ші мерейтойлық отырысына қатысу үшін Қырғызстанға Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан үкіметтерінің басшылары келді. Жобалық қызмет, ғылыми-техникалық серіктестік тұжырымдамасы және бірлесіп жоспарлауға қатысты бірқатар құжаттарға қол қою жоспарланған.

Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстан ШЫҰ төрағасы болып табылады, ал 2017 жылдың 8-9 маусымында Астанада ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті өтеді.