Бішкекте Спорт сарайының маңында жарылыс болды, екі әскери адам зардап шекті

АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше таңертең Бішкекте Спорт сарайының маңында жарылыс болды, деп хабарлайды РБК.

Жарылыс Спорт сарайының маңында шамамен таңертеңгі 8.50 шамасында болған.

Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманқұловтың хабарлауынша, алдын ала мәліметтер бойынша, кәріз құдығына қойылған қолдан жасалған жарылғыш зат іске қосылған.

Жарылыстың салдарынан диаметрі 7-10 метрлік шұңқыр пайда болған. Жарылыс кезінде тұсынан өтіп бара жатқан көлікте құқық қорғау органдарының қызметкерлері болған. Қырғызстанның Ішкі істер министрлігінің екі әскери қызметкері зардап шеккен.

Сондай-ақ, М.Иманқұловтың хабарлауынша, Спорт сарайында сағат 10.00-де 7 сәуір күнгі оқиғаға байланысты кезекті сот отырысы өтуге тиіс болатын.

Қазіргі уақытта Қырғызстанда барлық стратегиялық және ерекше маңызды нысандардың күзеттері күшейтілді. Ел басшылығы барлық күш-қуат ведомстволарының басшыларына осындай өкім берді.

Елдің Ішкі істер министрлігіне ерекше маңызды нысандардың күзетін күшейту, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарларын жүзеге асыру міндеттеліп отыр.