Бішкекте ұшақ апатынан зардап шеккендердің туған-туыстарына 70 мың сомнан беріледі

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстан Үкіметі әуе апатынан зардап шеккендер мен қаза тапқан адамдардың туған-туыстарына 70 мың сомнан береді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА Бішкектегі меншікті тілшісі Қырғызстан Үкіметі аппаратының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін, 17 қаңтар күні Қырғыз Республикасының премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков «Боинг-747» ұшағының апаты салдарынан зардап шеккендер мен көз жұмғандардың туыстарына жәрдем беру, апат салдарын жою және апат себептерін анықтау  мәселелері жөнінде жиналыс өткізді.

Қырғыз Республикасының премьер-министрінің бірінші орынбасары Мухамметкалый Абулгазиев, министрліктер басшылары және жедел штабтың өзге де мүшелері апаттық-құтқару мен өзге шұғыл жұмыстар бойынша атқарылған жұмыстар, жақын арада орындайтын міндеттер жайлы толық ақпарат берді.

Одан бөлек, бүгін мерт болғандар мәйіттерін  кіші отанына жеткізу жұмыстары жалғасады. Төтенше жағдайлар министрі Кубатбек Бороновтың айтуынша,  туыстарының қалауымен мәйіттерді жеткізуді ҚР ТЖМ ұйымдастыруда.

Шу облысындағы толыққанды үкімет өкілі Бактыбек Кудайбергенов әзірге әуе апатынан зардап шеккен 11 отбасының туыстарының үйінде тұрып жатқанын хабарлады.

Жээнбеков ел үкіметінің көмек көрсетуі үшін әуе апатынан зардап шеккендер мен қаза тапқан адамдардың туған-туыстарына 70 мың сомнан берілетінін атап өтті.