Бішкектегі Азия чемпионаты: Ертең бозкілемге кімдер шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең 4 наурыз күні Бішкекте (Қырғызстан) еркін күрестен 2018 жылғы Азия чемпионатының соңғы нәтижелері шығады. Балуандар 5 медаль жиынтығын сарапқа салады, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

Атап айтқанда, 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде: Нұрислам Санаев - Чинзориг Цермаа (Моңғолия), 1/8 финал.

74 келіге дейін: Данияр Қайсанов - Кен Хосака (Жапония), ¼ финал.

86 келіге дейін: Азамат Дәулетбеков - Хассан Язданичарати (Иран), ¼ финал.

92 келіге дейін: Әділет Дәулімбаев - Такаши Ишигуро (Жапония), 1/8 финал.

125 келіге дейін: Дәулет Шабанбай - Живей Денг (Қытай), 1/8 финал.

Еске салайық, Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстанға алғашқы медальды Жандос Ысмайылов (57 кг дейін) алып келді. Ол ирандық Надер Хаджаганисамакоушты 10:3 есебімен жеңіп, «қола» иеленді.

Кейін Мейіржан Әшіров (70 кг) моңғол Баямбдорж Батэрденнен айласын асырып, сондай-ақ қола медаль алды.

Одан кейін бозкілемге шыққан Дəулет Ниязбеков (65 келі) жапондық балуанды 11:0 есебімен ойсырай ұтып, «алтынға» қол жеткізді.  

Ал 97 келі салмақ санатындағы Ибрагим Мәмедов үшінші орын үшін таласта оңтүстіккореялық Джоганг Кимге есе жіберіп қойды.