Бішкектегі ҚХР Елшілігіне жасалған шабуылды ұйымдастырушылар мен орындаушылар белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Қырғызстандағы Қытай Елшілігіне 30 тамыз күні жасалған лаңкестік акті ұйымдастырушылар мен орындаушылар белгілі болғандығын жария етті.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, лаңкестікке Сириядағы «Джабхат ан Нусра» лаңкестік ұйымымен байланысы бар ұйғыр лаңкестік тобы  тапсырыс берген. Олардың басшылары «Джамаат Таухид ва Джихад» «Абу Салох» халықаралық ұйымының басшысы (Қырғызстанның Кашкар-Кыштак ауылында 1990 жылы дүниеге келген Сирожиддин Мухтаров) арқылы орындаушыларға Қырғызстандағы Қытай Елшілігіне лаңкестік шарасын ұйымдастыруды тапсырып, оны қаржыландырған.

С.Мухтаров өзінің қылмыстық әрекеттерінің үйлестірушісі ретінде Түркиядағы «Джамаат Таухид ва Джихад» ұйымының мүшесі Бурханидин Жантораевты (Қырғызстан, Жалал-Абад облысы Созақ ауданының тумасы. 1971 жылы дүниеге келген, лақап аты «Абу Ахмад») тартқан.

6 қыркүйекте аталған қылмысқа қатысы бар адамдар анықталды. Олар: Сириядағы «Шығыс Түркістан ислам қозғалысының» мүшесі, Тәжікстан азаматтығын дәлелдейтін төлқұжаты бар Зоир Халилов есімді жанкешті мен бүгінде іздеу жарияланған Сирияда лаңкестік дайындығынан өткен, ұлты өзбек Ош қаласында дүниеге келген Иззотилло Саттыбаев (лақап аты «Али»).

Бұған қоса, Түркияда «Адал-Тур» өкілі де іздестірілуде. Ол Ыстамбұлдан лаңкестікті қаржыландыру мәселелерін үйлестірген. Жедел ақпараттарға сәйкес, лаңкестікке қатысы бар әрі оны ұйымдастыруы мүмкін Қырғыз азаматы Ильяс Сабиров Ыстамбұл қаласында жүр.

Лаңкестікке қатысы бар 5 адам ұсталып, Қырғыз Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша оқшаулағышына қамалды.