Бішкектегі қоңыр күз

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Жексенбі Бішкек үшін жайдары өтті. Күн мейірімін молынан төгіп, адамдарды қақаған қыс алдында табиғаттың жайма шуақ жамалына бөленіп қалуға асықтырғандай. Күздің осы бір жексенбісінде тілшіміз қала тұрғындарының бір күндік өмірінен фоторепортаж жасағанды жөн көрді.

Біз жүріп өткен жолда мейрамханалар мен дәмханалар күнделікті айқай-шудан арылып, тыныштық тапқандай. Бұл мүмкін, доллардың қымбаттауынан немесе жай ғана апта басы, жаңа жұмыс күні алдындағы адамдардың сауықтан гөрі дайындаққа кіріскенін көрсетсе керек. Ал көлік жуушылар бұл күні тыным таппайды. Олар қызметіне 150 сомнан 200 сомға дейін алады. Бұл күні құрылыс алаңдары да жұмысты тоқтатқан. Әрине, мұндағы құрылыс қарқыны Алматы мен Астанадағыдай болмауы мүмкін, бірақ, ақырындап, Бішкек «қаланып» жатыр. Мынау 90-шы жылдары болып, ұмытала бастаған, жайма базар. Қала жолдарының жиектерінде жайылып жатқан сауданың өз алушысы да бар. Ал жасөспірімдер, мынадай жайма шуақ күнде үйде тығылып, компьютер ойнағанша, серуендегенді жөн көріпті, бұл - қуанышты жағдай. Бірақ, кешке жақын соңынан қар ала келген жаңбыр табиғаттың басқа мауысымы келгенін көрсетіп, қоңыр күзбен бізді еріксіз қош айтыстырды.