Бішкек мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығы жүргізген сараптамада тай рецептімен пісірлген тауық етінің құрамынан сальмонелла бактериялары табылған.
«Сальмонелла бактериялары дайын өнімнен алынған сынамалардың құрамында бар да, тамақты пісіруге қолданылған шикізатта жоқ. Осыдан тағамды әзірлеу технологиясы және сақтау шарттары бұзылған деген қорытындыға келуге болады», - деп мәлімдеген Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Бішкек мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығы жаппай уланудың салдарын жою жұмыстарын жүргізуде, соған байланысты «Ала-Тоо» мейрамханасы дезинфекцияланып жатыр.
Қазір Республикалық жұқпалы аурулар ауруханасында 94 адам, Шу, Нарын және Ыстықкөл облыстарында тағы 36 адам емделіп жатыр.
Жаппай уланудан Бішкектің 204 тұрғыны және басқа өңірлерден келген 45 адам зардап шеккен.
Жаппай улану дерегі бойынша Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 256-бабы (санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің бұзылуы) және 258-бабы (қауіпсіздік талаптарына сай емес тауарларды сату немесе өндіру, қызмет көрсету) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру басталған.
Бұған дейін «Ала-Тоо» мейрамханасына 20 мың сом айыппұл салынып, уланудың мән-жайы анықталғанға дейін жабылғаны, сондай-ақ мейрамхана әкімшісіне 5 мың сом айыппұл салынғаны туралы хабарланған болатын.
Фото: kabar.kg