Бішкектегі теракті бойынша іздестіріліп жатқан адам лаңкестерге қатысы жоқтығын мәлімдеді

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғыз Республикасы арнайы қызметі Бішкектегі Қытай елшілігі маңындағы лаңкестікке қатысы бар деп халықаралық іздеу жариялаған күдікті - Қырғызстан азаматы Мүбарак Тұрғанбаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында еш кінәсіз екенін жазды.

«Мен Мүбарак Тұрғанбаев Ыстамбұлда Түркиядан Қырғызстанға тауар жеткізетін «Адал Тур» фирмасында жұмыс істеймін. Сонымен бірге, өзге фирмалар секілді ақша аударымдарымен айналысамын. Мәселен, кімде-кім Түркиядан Қырғызстанға ақша аударғысы келсе, оны біз жүзеге асырамыз. 1 шілде күні де дәл солай болды. Түркияда мейрамхана бизнесімен айналысатын Бұрхан есімді ер адам Бішкектегі Ескендір деген адамға 5 мың доллар аударуды өтінді. Ұялы телефон нөмірі (0709) 66-87-40 де көрсетілген. Біздің қызметкерлер оған ақшаны жеткізді. Дәл осы Ескендір Қырғызстандағы Қытай елшілігі маңындағы терактке қатысы бар деп іздестірілуде. Бірақ арнайы қызмет Ескендірді таба алмай жатыр. Ақшаны берген Бахредин мен Мурадил ұсталды және «Адал Тур» фирмасының қызметкерінен ақша алғанын айтып, түсініктеме берді».

«Менің бұл терактіге еш қатысым жоқ. Маған жала жабылды, іздеу жарияланды, бірақ ешкім тергеуге шақырған жоқ. Мен ешқайда қашқан жоқпын, Ыстамбұлдағы Қырғызстан елшілігімен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Менің лаңкестермен ешқашан байланысым болған емес. Мұны Түркияда мені танитын жанның барлығы растай алады. Ешқандай сот болған жоқ, тергеуге ешкім шақырған жоқ, ал олар маған халықаралық іздеу жариялады. Бізге ақша жеткізген тұлғалар бұл хабарламаны көріп, қашып кетуі мүмкін. Сонымен бірге, Қырғызстандағы «Адал Тур» фирмасының қызметкерлері ұсталды. Мен әділдік үшін соңына дейін күресемін, ешқайда қашқан емеспін және қашуға тырыспаймын да», - деп жазды М.Тұрғанбаев өзінің парақшасына.

Айта кетейік, 6 қыркүйек күні ҚР МҰҚК Бішкектегі Қытай елшілігі маңындағы лаңкестікке қатысы бар деп күдіктелген тұлғалардың аты-жөнін жариялады. Арнайы қызмет үш күдіктіге халықаралық іздеу жариялады, оның арасында  Түркиядағы «Адал Тур» фирмасының өкілі, 1987 жылы туған, Ош облысы, Ноокат ауданының тумасы М.Тұрғанбаев та бар.