Бишімбаев ісі: Адвокат үкімді өзгертуге негіз болатын заң бұзушылықтарды атады

АСТАНА. KAZINFORM – Қуандық Бишімбаеваның қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов алқабилердің бірі істі тыңдау кезінде әлеуметтік желіде судьяның рұқсатынсыз сот құрамына кірмейтін адамдармен байланыс орнатқанын және олармен қылмыстық іске қатысу мәселесін ашық талқылағанын айтты.

Фото: Жоғарғы сот

Қорғау тарапының айтуынша, алқабилердің бірі ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларын бұзған, себебі ол әлеуметтік желі пайдаланушыларымен байланысып, сот талқылауы туралы айтқан, іске қатысушылардың арналарына жазылған.

«Бұл № 4 алқаби. Ол өз аккаунтынан алқаби ретінде таңдалғаны туралы пікір қалдырған және іріктеудің әділ және ашық өткенін айтқан. Бұл пікірдің астында бірнеше желі қолданушы оған қысым жасай бастаған. Сондай-ақ, алқаби мәскеулік сарапшылардың қорытындысын сынаған сарапшы Тахир Халимназаровтың аккаунтына жазылған», - деді Е.Ғазымжанов.

Оның айтуынша, алқаби жәбірленуші Айтбек Амангелдінің де аккаунтына жазылған. Онда А.Амангелді істің мән-жайы туралы ақпаратты өз пайымдауымен ұсынып отырған.

Адвокат осы бұзушылықты Бишімбаевтың үкімін өзгертуге негіз бола алатынын айтады.