Бишімбаевтың інісі бостандыққа ерте шығуы мүмкін бе — министр жауабы

Фото: Жоғарғы сот

АСТАНА. KAZINFORM — Кешелі бері БАҚ-та сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың істі болған туыс інісі Бақытжан Байжанов мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр. 

Аталған мәселеге қатысты Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің пікірін білген едік.

— Шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешімді сот қабылдайды. Алдымен өтініш түседі, ол сотқа жолданып, соңғы шешімді сот шығарады. Қуандық Бишімбевтің інісіне қатысты, әзірге нақты іс келіп түскен жоқ. Егер ол ерте босатуға өтініш білдірсе, оны сот қарайды, — деп жауап берді Ержан Саденов Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Еске салайық, экс-шенеунік Қуандық Бишімбаев азаматтық некеде болған әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. Ал туыс інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды

Айта кетсек, Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Қуандық Бишімбаевтың рақымшылыққа іліну мүмкіндігі туралы пікір білдірген еді