Бишімбаевтың соты аяқталуға жақын: Сот алқа билерге сұрақтар дайындауға кірісті
АСТАНА. KAZINFORM – Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша сот процесі 13 мамырда жалғасатын болды. Оған дейін ережеге сәйкес, тараптар алқа билерге сауалдарын дайындап үлгеруге тиіс.
– Тараптар алқа билерге қойылатын, соттың шешуіне жататын сұрақтарды талқылайды.
Алқа билер мәселелерді талқылау және қалыптастыру үшін кеңесу бөлмесінде болуы керек. Сондықтан да алқа билерден залдан шығып, трансляцияны тоқтатуды, сондай-ақ БАҚ өкілдерінен залдан шығуды сұраймын, - деді судья Айжан Құлбаева бүгінгі сот отырысында.
Айта кетейік, сұрақтар алқа билердің, БАҚ-тың қатысуынсыз және трансляциясыз әзірленеді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот процесінде бүгін екі айыпталушы – Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов соңғы сөзін айтқан болатын.