Бишімбаев ісі: Байжановтың өкініші жазаны жеңілдете ме

АСТАНА. KAZINFORM – Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа тағылған айып бойынша қылмыстық іс бүгін несімен есте қалды? Бүгін прокурор мен адвокаттар Бишімбаевты емес, інісі Бақытжан Байжановты сұрақтың астына алды.

Фото: Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Естеріңізге салсақ, Байжановқа Бишімбаевтың қылмысын жасырды деген айып тағылып отыр. 

Байжанов бұған дейін де Салтанаттың денесі көгергенін бірнеше рет көргенін айтты. Тіпті, кейде ерлі-зайыптылардың үйіне шкаф пен есік жөндейтін адам жіберуге тура келген. Қираған заттарды да өз көзімен көрген. Қайғылы оқиға болатын күні де жанжалды кезекті ұрыс ретінде қабылдап, аса мән бермеген.

«Салтанат қорылдап ұйықтап жатты. Жаман ой келмеді. Жедел жәрдем шақырып, дабыл қағуым керек еді. Осы сұмдық оқиғадан қабырғасы қайысып отырғандарға шын жүрегіммен жаным ашиды. Салтанаттың туған-туыстарына көңіл айтамын. Маған сенбейтін шығарсыздар. Бірақ жүрегім ауырып, қайғырамын. Себебі, Салтанатты өте жақсы қырынан танитынмын. Мен бәрінен кешірім сұраймын. Ең бірінші, Салтанаттың туыстарынан, достарынан, өзімнің ата-анамнан, жұбайым мен балаларымнан кешірім сұраймын. Мен жауапкершілікті толықтай мойныма аламын. Сол қайғылы күні жағдайды толық түсініп, бағамдай алмағаным үшін өкінемін», - деді Байжанов.

Айтпақшы, бұған дейін Салтанаттың ағасы Қайрат Нүкенов Байжановты кешіруге дайын екенін айтқан еді. 

«Ол тек ағасының кесірінен тергеліп жатыр. Оның балалары барын білеміз. Әйелі, әке-шешесі бар. Әке-шешесімен кездестік. Өте жақсы отбасы. Маған солай көрінді. Байжанов Бишімбаев сияқты емес. Ол бәрін соның ықпалымен істеген. Ол сотта шын жауап берсе, біз де адамбыз ғой, кешіруге дайынбыз», - деген еді Қайрат Нүкенов.