Биткойн бағасы тарихи рекорд жаңартып, $120 мыңнан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Binance платформасындағы мәліметке сәйкес, биткойн бағасы жаңа тарихи максимумды жаңартып, $120 000 шегінен асты, деп хабарлайды ТАСС.
Мәскеу уақытымен 06:41–де криптовалюта $120 мыңға жетіп (+1,87%), ал 06:45–те өсімін жалғастырып, $121 014,73 деңгейіне дейін көтерілді (+2,82%).
9 шілдеде биткойн бағасы $100–$110 мың аралығында бір жарым ай бойы тұрақтағаннан кейін, $111 999 деңгейіне жетіп, алдыңғы рекордты жаңартқан еді. Бұған дейінгі тарихи максимум 2025 жылдың 22 мамырында, биткойн $111 980 болған кезде тіркелген.
Биткойн — блокчейн технологиясына негізделген орталықтандырылмаған криптовалюта жүйесі. Бұл жүйеде әрбір қатысушы жаңа блоктар жасау арқылы биткойн өндіре алады. Жүйені алғаш рет 2008 жылдың қарашасында Сатоси Накамото деген лақап атпен белгілі автор (не авторлар тобы) ұсынған.
Бүгінде биткойн танымалдығы артқанымен, оның эмиссиясы табиғи түрде шектеулі, және қазіргі таңда биткойндардың басым бөлігі өндіріліп қойған.
Бұған дейін 11 шілдеде биткойн бағасы өзінің тарихи максимумын жаңартып, $113 мыңнан асқанын жазғанбыз.