Биткойнның бағасы 113 000 доллардан төмен құлдырады
АСТАНА. KAZINFORM — 20 тамыз таңында криптовалюта нарығында түзету үрдісі жалғасты. Биткойн бағасы бір сәтте 112 566 долларға дейін төмендеді, ал Ethereum – 4060 долларға дейін құлдырады, деп жазды AZƏRTAC.
AZƏRTAC агенттігі TradingView платформасына сілтеме жасай отырып хабарлағандай, кейінірек биткойн бағасы 113 608 долларға дейін қалпына келді. Апталық графикте құлдырау деңгейі 5,4%. Ал Ethereum 4182 долларға дейін өсті, бірақ оның апталық төмендеуі шамамен 9%.
CryptoRank порталының деректері бойынша, бұл түзету ауқымды сипатқа ие. Дегенмен кейбір альткойндар, мысалы Solana және TRON, аздаған өсім көрсетті.
Нарықтағы жағдай:
Тәуліктік ликвидациялар көлемі — 451 млн доллардан асады;
Бұл негізінен биткойн және Ethereum-ға қатысты ұзын позициялар;
127 000-нан астам трейдер мәжбүрлі түрде позицияларын жапқан.
Осының аясында қорқыныш пен ашкөздік индексі (трейдерлердің көңіл-күйінің индикаторы) соңғы 24 сағат ішінде 11 пунктке төмендеп, «қызғылт-сары» аймаққа жетті. Мұндай төмен мән соңғы рет 2025 жылдың маусымының соңында тіркелген.
Santiment сарапшыларының айтуынша, соңғы тәулікте криптонарыққа қатысты «аю» көңіл-күйі (яғни, құлдырау күтімі) әлеуметтік желілерде ең жоғары деңгейге жеткен. Дегенмен, ұйым өкілдері бұл кезеңнің тарихи тұрғыда шыдамды трейдерлер үшін тиімді болатынын атап өтті — олар қорқыныш пен дүрбелеңді портфельді толықтыру мүмкіндігі ретінде пайдаланады.
Түзетудің себептері
18 тамыздан кейінгі криптонарықтағы бұл түзету бірқатар факторлармен байланысты, дейді нарық сарапшылары.
— Бұл құлдырау биткойнның тарихи максимумды жаңартқаннан кейінгі пайда фиксациясы мен позициялар ликвидациясына байланысты болды. Қазір трейдерлер күту режиміне өтті, ал нарық айқын саясат белгілері пайда болғанша консолидация сатысында болуы мүмкін, - дейді Kronos Research компаниясының техникалық директоры Винсент Ванг The Block басылымына берген пікірінде.
Ал Presto Research зерттеу бөлімінің басшысы Питер Чунг келесі маңызды оқиға ретінде АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэллдің 22 тамызда Джексон-Хоулдегі сөз сөйлеуін атап өтті. Оның айтуынша, осы мәлімдеме нарықтың бағытына әсер етуі мүмкін.
Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Nasdaq позициясын жоғалтып жатқанын, ал оған технологиялық сектордағы пайда фиксациясы себеп болғанын мәлім еткен еді.