Биткойнның бағамы тұңғыш рет 19 мың доллардан асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенбі күні биткойнның бағамы кезекті рет өсімін көрсетіп, 19 мың доллардан асып жығылды. Бұған Coindesk электронды криптовалюталық биржаның мәліметтері куә, деп хабарлайды ТАСС агенттігі .

Биткоин - орталықсыздандырылған виртуальды валюта. Транзакциясы шифрленетін және қолдану аясы анонимді түрде болғандықтан биткоинды виртуалды «криптовалюта» деп те атайды. Биткоин төлемдерінің желісі толықтай дерлік орталықсыздандырылғандықтан қадағалаушысы болмайды. Жүйенің қызметі мен қорғанысын қамтамасыз ету үшін криптографиялық әдістер қолданылады. 

Биткоинды төлем құралы ретінде пайдалану арқылы тауар сатып алуға, телефон байланысы, не хостинг ақысын төлеуге және тағы басқа төлемдер жасауға болады. Open source негізіндегі ашық код түрінде болғанымен анонимді, әрі сенімді төлем жүйесі ретінде танымал Биткоиндерді сақтау, қабылдау және жіберу үшін жария идентификатор (мекенжай), қажетті баланс пен жасырын кілтсөзден тұратын әмиян қажет. Аударым жасау үшін қабылдаушының идентификаторы ғана сұралады. Идентификатор күрделі мәнді сандар мен әріптер жиынтығынан тұрады. Мысалы: 19noTg4T9TeFpT4ZTASvQxf7a1LYLSJa38.

Биткоинды 2009 жылы Сатоши Накомото ойлап тапты. Ол адам туралы ақпарат өте аз. Биткоинның негізгі технологиясы - майнинг. Жүйедегі тұтынушылардың транзакцияларын верификациялайтын протокол. Осы қызметті орындайтындарды майнерлер деп атайды. Технология жұмысы алтын өндіруге ұқсайды.