Битум импортынан бас тарта алмаймыз — Көлік министрі

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Қазақстан неге әлі битум импортынан құтыла алмай отырғаны сөз болды. 

— Биыл битум бойынша ішкі нарықты толық қамтамсыз ете аламыз ба, — деп сұрады Үкімет басшысы.

«Қазмұнайгаз» басшысы бұл Көлік министрлігінің тапсырысты қаншалықты тиімді үйлестіре алғанына байланысты екенін айтты.

— Көлік министрлігінің биылға берген сұранысы бойынша 1,2 млн тонна битум өндіруіміз керек. Ең бастысы, жол салатын компаниялар тапсырысты уақытында берсе, битум шығаратын компанияларды оны орындайтын қуат баршылық. Бізде Caspi Bitum мен Павлодар мұнай-химия зауытынан басқа тағы бір зауыт бар. Шымкенттегі «ҚазақБитум» ЖШС 300 мың тонна битум өндіре алады. Сонда жылына 1,5 млн тоннаға дейін битум шығаруға болады, — деді Асхат Хасенов.

Көлік министрі Марат Қарабаев тапсырыстар уақтылы беріліп, уақтылы орындалып жатқанымен бәрі бір битум импорты тоқтамайтынын айтты.

— Бізде белгілі бір мөлшерде импорт қалады. Өйткені жол жөндеу жұмыстары, жалпы жол салу жұмыстарының ауқымы былтырғымен салыстырғанда ұлғайып жатыр, — деді министр.

Бұған дейін көмір өндірісінің жаңа техникалық регламенті бекітілгенін жазған едік