Битуммен қамтамасыз ету жыл сайын күрделі проблемаға айналып отыр - депутат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дүйсенбай Тұрғанов еліміздегі битум тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп ұстаудағы ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жалпы ұзындығы 6,4 мың шақырымды құрайтын «Қарағанды-Балқаш-Қапшағай», «Талдықорған-Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Атырау-Астрахан» және «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолдарына қайта жаңартып жатыр. Мемлекет басшысының қадағалауында тұрған аталмыш жобаларды жүзеге асыру битумның жетіспеуінен белгіленген мерзімде аяқталмай қалу қаупі бар. Жол салуға керек негізгі компоненттің бірі битуммен қамтамасыз ету жыл сайын күрделі проблемаға айналып жатыр», - деді Д. Тұрғанов Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, битумға қатысты екі негізгі проблема бар. Біріншісі – битум тапшылығы болса, екіншіден, тапшылық салдарынан еліміздегі битумның нарықтағы бағасы тым қымбат. Жалпы, автожол жобалары үшін битумның қажет көлемі 1,1 млн тоннаны, оның ішінде республикалық желі үшін 500 мың тоннаны және жергілікті желі үшін 600 мың тоннаны құрап отыр.

«Шілде айында битумның 4 есе тапшылығы бағаның шарықтауына әкеліп, тоннасына 180-250 мың теңгеге жетіп және баға өсімі осымен тоқтамауы мүмкін. 2022 жылдың қараша және желтоқсан айларында

Ресей Федерациясынан

100 мың тонна битум тасымалдауға квота ашылып, бәсекеге қабілетті бағамен, яғни тоннасына 67 мың теңгеден басталған келісімшартқа қол қойылып, битум толығымен елімізге жеткізілген. Бұл маңызды келісімшарт жол салушы мердігер компанияларға сәуір айында жол салу жұмыстарын бастап кетуге үлкен көмегін тигізді. Осы себепті биылғы битумның өткір тапшылығын жою және тиімді бағада алу мақсатында Ресей Федерациясының құзырлы органдарымен шұғыл түрде келіссөздер жүргізу қажет», - деді депутат.