Битумның өндіріс көлемін Ресей шикізатының есебінен арттырамыз – Болат Ақшолақов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов битум өндірісінің жылдық жоспары неге кестеден кешігіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдегі битумның жиынтық өндірісін жылына 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеп тұрған зауыттарға қосымша жүктеме қою қажет. Яғни, «CaspiBitum» зауытының өндіріс көлемін Қаражанбас мұнайын өңдеу есебінен жылына 500 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, «Qazaq Bitum» зауытының өндіріс көлемін Ресей гудронының импорты есебінен жылына 374 мың тоннаға дейін жеткізу қажет», - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде.

Ведомство басшысының мәліметінше, ол үшін жол-құрылыс компаниялары қажеттілігі туралы өтінім өткізуі керек.

«Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес елімізде битум өндірісін ұлғайту қажет. 2022 жылға битум өндіру жоспары 726 мың тоннаны құрады. Іс жүзінде 8 айда шамамен 600 мың тонна өндірілді. «QazaqBitum» бойынша өндіріс жоспарының орындалмауы басқа мұнай өңдеу зауыттарымен салыстырғанда битумға бағаның жоғары болуына байланысты жол-құрылыс компанияларынан өтінімдердің болмауымен түсіндіріледі. Өйткені «QazaqBitum» оны импорттық шикізаттан (гудрон) өндіреді», - деді Болат Ақшолақов.


Фото: primeminister.kz