Биыл 1 млн жасқа психикалық және репродуктив орталық қызметтері көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде медициналық-саниатряилық алғашқы көмек көрсетудің стандарты жаңарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ведомствоның қорытынды алқа мәжілісінде мәлім етті.

«2023 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты жаңарады. Жалпы практикалық дәрігердің рөлі артады», - деді министр.

Нақтырайқ айтсақ, аталған бағытта пациенттерді қолдау қызметі жетілдіріліп, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс тетігі жолға қойылмақ.

Сондай-ақ:

- инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау,

- ауруларды басқару бағдарламалары,

- дұрыс тамақтануды, өмір салтын үйрету,

- әмбебап прогрессивті патронаж моделі,

- отбасыны жоспарлау,

- ерлердің денсаулығын жақсарту,

- баланы дамыту кабинеті сияқты жобалар іске асырылады.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған медициналық-санитариялық алғашқы көмектің пациентке бағдарланған озық практикалары республика бойынша енгізіледі. Бұдан басқа, биыл халық талап ететін медициналық қызметтерді қашықтықтан көрсету бойынша жұмыс күшейеді. Психикалық және репродуктивтік денсаулықты сақтау мәселесі бойынша жастар орталықтарының қызметтерімен шамамен 1 млн жас қамтылады», - деді Ажар Ғиният.