Биыл 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде - ОҚО

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында мектепке дейінгі 37 ұйым ашылды. Бұл туралы бүгін Елбасының жүктеген функциялары мен міндеттерінің орындалуы бойынша облыстық мәслихат депутаттарының алдындағы есебінде ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

«Әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, 8 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге Түлкібас ауданындағы ауылдық емхана іске қосылды. Облысымызда әлемдік медицинадағы озық технологиялар пайдаланылуда. Балалар қан тамыр хирургиясын дамыту қолға алынды. Медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлініп отыр. Есепті кезеңде нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 13 пайызға, қан айналымы аурулары - 15 пайызға, туберкулез - 24 пайызға, онкопатология - 2 пайызға төмендеді», - деді Б. Атамқұлов.

Бұдан бөлек, білім беру саласында ағымдағы жылы 37 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, жалпы саны 1 561-ге жетті,  осы ретте балаларды қамту көрсеткіші 80,5 пайыздан 82,3% пайызға артты.

«Бүгінгі таңда 42 мектеп іске қосылып, нәтижесінде 11 апатты жағдайдағы мен 9 үш ауысымдық мектептердің құрылысы аяқталды. 77 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді», - деді өңір басшысы.