Биыл 11 мыңнан астам елордалық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылы басталып, мектеп табалдырығын аттауға санаулы күн қалды. Оқушылар кітап, дәптерін түгендеп, алғашқы қоңырауға дайындықтарын пысықтап жатыр. Ал елордалық білім ошақтары тамыз айының 5-і мен 25-і аралығында толық тексеруден өтіп, білім маусымын бастауға дайын, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.

«1 қыркүйек әр жанұяда, әр адамның жүрегінде қалатын үлкен мереке. Барлығымыз да мектеп табалдырығынан өттік. Сондықтан бұл күн балалар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де үлкен бақыт, қуаныш. Биыл Білім күнінде патриоттық тақырыпқа арнайы сабақ өткіземіз», - деді Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әсима Бимендина.

Мұндай мерекелік шара елорданың 70 мектебінде өтеді. Сонымен қатар, «Батығай» тұрғын үй кешенінде жаңа №71 мектеп-лицей 1 қыркүйектен өз жұмысын бастайды. Айта кету керек, биыл Астанада 86 000 оқушы мектепке барады. Оның 11 000-нан астамы 1-сынып бүлдіршіндері.

«Тағы бір қуанышты жайтпен бөлісейін. Педагогика саласында жас мамандар көбейіп келеді. 20 тамызда өткен Тамыз педагогикалық кеңесінде 180 жас маманды қабылдадық. Олар жаңа маусымнан ұстаздық жолды бастайды. Барлық дайындық жұмыстары атқарылды. Барлық мектеп жөндеуден өтіп, балаларды қабылдауға дайын. 9 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді», - деді ол.

Еске салайық, 1 қыркүйек жексенбіге тұспа-тұс келгенімен, алғашқы қоңырау барлық мектепте соғылады.