Биыл 14 млн. тонна астық жинау болжанады - АШМ

АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Биылғы жылы елімізде 14 млн. тонна астық жиналатыны болжанады.

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында «Агроөнеркәсіп кешеніндегі экономикалық саясатты талдау орталығы» ЖШС директоры Сағынтай Жұмажанов осылай мәлім етті.

«Біз биылғы жылы 14 млн. тонна астық жинауды болжап отырмыз. Дегенмен, бұндай астық көрсеткішіне қолайлы ауа райы да септік болуы мүмкін. Ал соған қолдағы бар, яғни былтырғы қалдық саналатын 7 млн. тоннаны қоса санағанда, алдағы экспорттық әлеуетіміз 10 млн. тоннаға жетуі мүмкін», - дейді Сағынтай Жұмажанов.

Ал АШМ Егіншілік департаментінің директоры Анна Буць жиналатын астық көрсеткішіне нақты цифрды айту әлі де қиындық тудыратынын, мәселенің бәрі ауа райының қолайлылығына тәуелді болатынын атап өтті. «Егіс жағдайлары мен дәл қазіргі уақыттағы ауа райының әсеріне қарағанда, біз астықтың ортадан төмен, бірақ құрғақшылық қатты болған 2010 жылғы көрсеткіштен жоғары болады деп болжаймыз», - дейді А. Буць.