«Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің былтырғы атқарған жұмыстарының қорытындысы, Президент тапсырмаларының жүзеге асырылуы, цифрландыру және IT саласының даму перспективасы жөнінде есеп бердім.
Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсақ, ең қажетті 18 құжатты цифрлық нұсқаға ауыстырдық, 2021 жылы бұл қызметтерді 32 млн адам алған. Жеке деректерді қорғау шараларын міндетті түрде сақтай отырып, мемлекеттік цифрлық сервистерді сыртқы платформаларға шығарып жатырмыз (мысалы, Kaspi/Halyk). Былтыр 70 млн онлайн қызмет көрсетілген, соның ішінде 20 млн #eGovMobile қосымшасы арқылы ұсынылды»,-деді министр.
Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес ұялы байланыс операторларына қатысты бақылау шараларын күшейту және байланыс сапасын өлшеудің жаңа алгоритмдерін қолдану арқылы «цифрлық теңсіздікті» жою жұмыстары жүріп жатыр. 2021 жылы 628 елді-мекенде Интернет сапасы жақсартылса, биыл тағы да 140 ауылда осындай жұмыстар жүргізілмек.
«Мобильді операторлармен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G технологиясын сынақтан сәтті өткіздік. 2022 жылы республикалық маңызы бар қалаларда, 2023-2024 жылдары облыс орталықтарында осы жұмыстарды коммерциялық мақсатта іске қосу жоспарланып отыр.
Демонополизация бойынша. «Қазақтелеком» компаниялар тобы байланыс операторының бірі бәсекелестік ортаға шығарылады. Сондай-ақ бәсекелестік ортаны жақсартуға бағытталған бірқатар заңнамалық бастаманы қабылдау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
IT саласы бойынша. Президентке Astana Hub технопаркінің жұмысы, соның ішінде Қазақстанға келіп жатқан шетелдік IT компаниялар туралы айттым. Президент отандық IT секторды қолдауға бағытталған нақты шаралар әзірлеуді және халықаралық нарықта жетістікке жеткен шетелдік IT компанияларға көмек көрсетуді тапсырды.
Цифрландырудың платформалық үлгісіне өту бойынша. Осындай жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі бар сарапшыларды тарта отырып, Govtech платформасын «ҰАТ» АҚ, қазақстандық ІТ-мамандардың күшімен құруды ұсындым»,-деді Бағдат Мусин.