Биыл 158 жаңа өнеркәсіптік өндіріс іске қосылады - Үкімет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда шикізаттық емес 734 жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инфляциядағы азық-түлік тауарларының үлесі 55 пайыз болып отыр. Сондықтан, биыл біз агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды екі есеге арттырдық, нәтижесінде 9 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 7%-ға нақты өскенін көріп отырмыз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция нақты мәнде 7,5 пайызға өсті», - деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, шикізаттық емес секторда орта мерзімді перспективаға 25 триллион теңгені құрайтын 734 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның арасында 440 жоба импортты алмастыруға бағыталған.

«Биылдың қорытындысы бойынша 158 жаңа өнеркәсіптік өндіріс нысаны іске қосылады. Бұл ретте импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр», - деп қосты Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ә. Смайылов Ресейден Қазақстанға келетін барлық импорт 30%-ға қымбаттағанын айтты .