Биыл 18,5 млн. тонна астық жиналады деп күтілуде - ҚР АШМ

АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - 12,6 млн. тонна астық бастырылды. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлім етті.

«21 қыркүйектегі жағдай бойынша дәнді дақылдар 10,3 млн. гектар аумақта жиналды, бұл барлық егіс көлемінің 65 пайызын құрап отыр. Атап айтқанда осы егістік көлемінде 12,6 млн. тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарынан 12,2 центнерді құрады. Бұл өткен жылғы деңгейден гектарына 3,6 центнерден жоғары»,-деді министр.

Бүгінде негізгі астықты аймақтарда, яғни Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында дәнді дақылдардың 65 пайызы жиналды.

Қазіргі кезде неғұрлым төмен өнімділік Ақтөбе (гектарынан 5,4 центнер), Батыс Қазақстан (6,9 центнер) облыстарында байқалуда. «Осындай көрсеткіштер бұл аймақтардағы ауа райының жағдайларына байланысты болып отыр»,-деді А. Мамытбеков.

Оның сөзіне қарағанда, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жазғы бидай мен арпаны жинау толығымен аяқталды.

Министрліктің болжамы бойынша 18,5 млн. тонна астық жиналады деп күтілуде.