Биыл 2,2 мың шақырым республикалық жолда жөндеу жұмыстары аяқталады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл 2,2 мың шақырым республикалық жолда жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл жол-құрылыс жұмыстарымен 8,4 мың шақырым қамтылған. Республикалық желі бойынша 5 мың шақырым, оның 3,6 мың шақырымы реконструкциямен, 1,5 мың шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жергілікті желінің жолдары мен көшелерінде жол-құрылыс жұмыстары 3,4 мың шақырым жолда жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша біз республикалық автомобиль жолдарының 90 және облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 80 пайызын нормативтік жағдайға жеткізуді көздейміз», - деді Берік Камалиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда реконструкция жұмыстарымен ұзындығы 955 шақырым болатын Қарағанды-Балқаш-Бұрылбайтал-Құрты-Қапшағай учаскесі қамтылған. Еліміздің шығысында 768 шақырымдық Талдықорған-Өскемен және 415 шақырымдық Қалбатау-Майқапшағай автомобиль жолдары қайта жаңартылуда.

«Бұдан бөлек, Үшарал-Достық, Мерке-Бұрылбайтал, сондай-ақ, Ұзынағаш-Отар автомобиль жолдарының реконстукциясын жүргізудеміз. Батыс өңірде Ақтөбе-Атырау-Астрахань дәлізін жаңарту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатырмыз. Сондай-ақ, Шамалған станциясының теміржол өткелінде жол айрығының құрылысы жалғасуда. Жалпы жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 2,2 мың шақырымында жұмыстарды аяқтау жоспарланған», - деді ол.

Вице министрдің айтуынша, мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады.

«Сонымен қатар, Алматы қаласынан ҮАААЖ-ға дейін жалпы ұзындығы 70 шақырым болатын 6 шығыс жолын салу және реконструкциялау жүргізілуде», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар