Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Еркебұлан Дауылбаев Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтты.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы (Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы) іске асырылған 2011-2015 жылдары кезеңінде көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 33,6 млрд теңге бөлініп, 2 338 үй жөнделді. Бағдарламада көзделген қаржыландыру тетігіне сәйкес жөндеу жұмыстары бұрын жөнделген тұрғын үйлердің меншік иелерінің қайтарымды қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 2012-2019 жылдары қайтарымды қаражат есебінен 10,3 млрд теңге сомасына 501 үй жөнделді. Осылайша, кредит берудің револьверлік тетігі жұмыс істейді», - деп жазды ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол жергілікті атқарушы органдарға бюджеттік кредиттеу тетігі бойынша Тұрғын үйкоммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге екі жыл ішінде 30 млрд теңге бөлу көзделгенін атап өтті.
«2020-2021 жылдары 520 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге 18,6 млрд теңге бөлінді. Биыл 226 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге 11,2 млрд теңге бөлу жоспарланған», -делінген Еркебұлан Дауылбаевтың жауабында.
Айта кету керек, Индустрия инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдолдың мәліметі бойынша, елдегі көппәтерлі үйлердің 90 пайыздан астамы басқарудың жаңа формасына көшіп үлгерген.