Биыл 4 мың жалдамалы пәтер салынады деп жоспарлануда - Өңірлік даму министрлігі

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 2013 жылы 17,5 млрд. теңге нысаналы трансферттер көзделген.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өңірлік даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев айтты.

Оның мәліметінше, 1 қазан жағдайына өңірлерге кестеге сәйкес 13,8 млрд. теңге бөлініп, 12,9 млрд. теңге немесе 94 пайызы игерілген.

«Қаражатты жеткіліксіз игеру Астана қаласында 79 пайызды көрсетіп отыр. Оның себебі - техникалық қадағалау бөлімі анықтаған ескертулерді жою, мердігерлердің жұмысты орындау кестесін сақтамау сияқты оқиғалар», - деп түсіндірді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, биыл бұл бағыт бойынша 285 мың шаршы метр 4 мың пәтер салу жоспарланып отыр. Ал 2012 жылы жалпы көлемі 150 мың шаршы метрді құрайтын 2,6 мың пәтер салынған болатын.

«Іс жүзінде 9 айдың қорытындысы бойынша пайдалануға көлемі 81,4 мың шаршы метр 1372 жалға берілетін пәтер немесе жылдық жоспарлардың 29 пайызы орындалды. Пайдалануға берудің негізгі бөлігі қараша-желтоқсан айларына белгіленіп отыр», - деп атап өтті Қ. Өскенбаев.