Биыл 490 млн теңге қолма-қол ақшаны әуе рейстері арқылы Астанадан заңсыз алып кетпек болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері 2022 жылдың басынан бері қолма-қол ақша қаражатын декларацияламай немесе заңсыз алып кетудің 55 фактісін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, декларацияланбаған қолма-қол ақша сомасы 498 454 908 теңгені құрады. Атап айтқанда 1 083 599 АҚШ доллары, осы бұзушылықтар бойынша айыппұл сомасы 1 700 000 теңгеден асты.

«Мысал келтірсек, 9-қыркүйек күні Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Дубайға бағытталған әуерейсімен кетіп бара жатқан жолаушылар кедендік бақылаудан өткеннен кейін «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері әуежайды тексеру қызметкерлерімен бірге Қазақстан азаматын тоқтатты. Ұстау кезінде декларацияланбаған ақша қаражаты анықталды, атап айтқанда 56 750 АҚШ доллары. Заң бұзушы ақшаның бір бөлігін аяқ киімінің ұлтарағының астына, ал қалған бөлігін қол жүгіне жасырған», - деп жазды ведомстводан.


25-тамыз күні Дубайға бағытталған халықаралық әуерейсімен кетіп бара жатқан жолаушылар кедендік бақылаудан өткеннен кейін Қазақстан азаматын тоқтатылды. Ұстау кезінде декларацияланбаған 14 100 АҚШ доллары анықталған.

Еске сала кетейік, «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» ел Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығы бар. Онда 10 мың АҚШ доллары баламасынан асатын және Ұлттық Банкінің әкету күніне белгіленген бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы мен шетел валютасындағы ақша құралдарын; Ұлттық Банк шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 г аффинирленген алтын құймаларын және «ALTYN BARYS» алтынынан, «KÚMIS BARYS» күмісінен жасалған инвестициялық монеталарды, сондай-ақ 100 г-дан астам аффинирленген алтынды шекарадан асыруға тыйым салынған.

Осыған байланысты шетелге шығуды жоспарлаған азаматтар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтауы керек.






Видеодан алынған кадр