Биыл 5,1 млн. гектар егіс алқабына зиянды жәндіктердің таралу қаупі бар

АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - 2011 жылда егістік алқаптарының 5,1 млн. гектарында аса зиянды жәндіктердің таралу қаупі бар.

Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде көктемгі егістікке дайындық жұмыстары бойынша есеп берген Жер шаруашылығы және фитосанитарлық қауіпсіздік департаментінің директоры Анна Буць айтты.

Оның мәліметі бойынша биыл 1,9 млн. гектар жерге шегіртке таралады деген болжам бар. «Осы және басқа да зиянды жәндіктермен күресу мақсатында республикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге бөлініп отыр», - дейді А.Буць. Оның айтуынша, ол ақшаға химиялық тазалау жұмыстарымен егістік алқаптарының тек 3,5 млн. гектары ғана қамтылмақ. Сол себепті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бюджеттен бөлініп отырған қаражаттың барлық алдын алу шараларына жетіспейтіндігін ескере отырып, 5,1 млн. гектар егістік алқаптарының қалған бөлігін фермерлердің өз ақшасына химиялық жолмен тазалауды ұсынып отыр.