«Биыл 5,5 баллдан жоғары жер сілкінісі болмайды»- баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 17 наурыз, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Жалған ұстаз, жарамсыз диплом» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Елдің ертеңі дейтін жастарды дайындайтын білім ордаларында еңбек ететіндердің бәрі бірдей адал ма екен? Әрине, адал болуға тиіс. Алайда, олардың да кейде алдайтыны, сөйтіп, жалған әрекеттерін жасыруға бейім тұратыны өкінішті-ақ. Мәселен, Исатай ауданының прокуроры Мақсат Ермековтің мәліметіне сүйенсек, Исатай балалар және жасөспірімдер спорт мектебіндегі жаттықтырушылардың жоғары және арнаулы орта білімі туралы дипломдарының шынайылығына талдау жүргізілген. Сол кезде осы мектептегі бір жаттықтырушының жалған дипломмен жұмыс жасағаны анықталды. Бұл тек әзірге анықталғаны ғана. Әлгі жаттықтырушы жалған дипломды 2012 жылы Атырау қаласындағы бір бейтаныс­тан 300 000 теңгеге сатып алыпты. Дипломда жаттықтырушының Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіргендігі көрсетілген. Жалған дипломды қалтаға басып, білім ұясындағы басшыларды алдаған жаттықтырушы баскетбол бөлімінің мұғалімі қызметін өткен жылдың қыркүйегіне дейін алаңсыз атқарған. Содан соң, былтырғы қыркүйек-қараша айларында Өркен орта мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасаған

Бас басылымда «Акциядан нәтиже бар» атты мақала берілген. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин, кеңес мүшесі Мұхтар Манкеев Стратегиялық сараптамалық орталықтың директоры Динара Хайрикенова және медиа директоры Қанат Әуесбайдың қатысуымен брифинг өтті. Онда олар қозғалыстың ағымдағы жылғы атқарып жатқан жобалары туралы айтып берді. Бүгінде қозғалыс қолға алған маңызды бағыттың бірі - «Қазақстанда жасалған» акциясы. Ұйым белсенділері жергілікті әкімдіктердің қолдауымен аталған акцияны барлық аймақтарда ұйымдастырды. Акция бастау алғалы бері бірінші айдың қорытындысы бойынша қозғалыс мониторинг жүргізген екен. «Бiздiң жұмыс екi бағытта жүргiзiлдi. Ең алдымен, әлеуметтiк желiлердiң пайдаланушылары арасында әлеуметтiк сауалдама ұйымдастырдық. Екiншi бағыт бойынша сауда орындарына мониторинг жасалды», дедi Д.Хайрикенова. Оның атап өтуiнше, сауалдама арқылы ел азаматтарының «Қазақстанда жасалған» акциясы туралы қаншалықты хабардар екенiн анықтау мақсаты қойылды. Сауалдамаға 762 адам қатысқан, олардың 41,5%-ы ерлер, 58,5%-ы - әйелдер.

«Осы жұмыстың қорытындысы бойынша сауалдамаға қатысқандардың 71 пайызы бұл акция туралы құлағдар екенi белгiлi болды. Әрi акция туралы естiген адамдардың көпшiлiгi қазақстандық тауарларды алған дұрыс деп есептейдi», деді сараптамалық орталықтың директоры.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Биыл 5,5 баллдан жоғары жер сілкінісі болмайды» атты мақала берілген. 15 наурыз күні Алматы маңында сағат 20:01 кезінде жер сілкінісі болды. Тербеліс эпицентрі Алматыдан оңтүстікке қарай 28 шақырым жерде Қырғызстанмен шекара маңында орын алды. Айта кетер бір жайт, Жер сілкінісінің энергетикалық класы -12.9 болса, магнитудасы MPV 6,3, ал тереңдігі 15 шақырымды құрады. Зілзала 4-5 баллдық деңгейде болды.

Ақиқатында орын алған бұл тосын оқиға жұртшылықты алаңдатқаны рас. Алдағы уақытта жер сілкінісінің қайталануы мүмкін бе? Бұл оқиғаға орай, Сейсмология институты директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Анатолий Ли Алматыда 2015 жылы күштілігі 5,5 баллдан жоғары жер сілкінісі болмайды деп мәлімдеді. 2014 жылдың соңында өткен ведомствоаралық комиссиясының отырысында мамандар осындай қорытындыға келген.

Осы газетте «9 күн бойы тойлайды» деген мақала жарияланды. «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен өңіріміз биыл үшінші жыл қатарынан Наурыз мейрамын тоғыз күн бойы ерекше жағдайда атап өтуді қолға алып отыр. Қалыптасқан дәстүр бойынша Ұлыстың ұлы күні мерекесі биыл да 14-22 наурыз аралығында өтпек. Әр күн дербес атауға ие болып, соның аясында ұйымдастырылатын тәрбиелік мәні терең іс-шаралар жалпыхалықтық мерекенің мән-мазмұнын ашуға сүбелі үлес қосып келеді. Сондықтан биыл да Наурыз мейрамы облыс көлемінде жалпыхалықтық сипатта тойланып, өткен жылы қолға алынған іс-шаралар жалғасатын болады», - деп жазады мақала авторы.

Наурыз - жаңа дәурен мен жақсылықты айшықтайтын әрі өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын, табиғат-ананың оянып, тіршілік атаулының түлейтін кезеңі. Наурыз халқымыздың көнеден келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталып, мерекелік шаралар тоғыз күн бойы жалғасын таппақ. Әр күн өзіндік ерекшеліктермен есте қалмақ.

***

«Ана тілі» басылымының соңғы санында «ТҮРКІСОЙ» кафедрасы ашылды» атты материал жарық көрді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде «ТҮРКІСОЙ» кафедрасы ашылды. Аталмыш оқу орнының ректоры Ғ.Мұтанов бұл кафедра - Қазақстан мен бүкіл түркі елдері арасындағы алтын көпір іспеттес болатындығын тілге тиек етті. Өз кезегінде «ТҮРКІСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов бұдан былай түркі әлемімен байланыс бір жүйеге қойылатындығын жеткізді.

Іс-шараға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстанның Қазақстандағы елшіліктері мен консулдықтарының қызметкерлері, Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында құрылған түркітілдес этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сонымен қатар ҚазҰУ ғалымдары, оқытушылары мен студенттері қатысты.