Биыл 5 мың ақтөбелік баспаналы болады
«Биыл «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ы алты көпқабатты үй салады. Сонымен қатар, аудандарда үй алу кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж азаматтар үшін 1-2 және 8 пәтерлі үй тұрғызамыз. Қазіргі уақытта «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында бес қабатты жатақхана құрылысы жүріп жатыр. Есеп бойынша биыл 5 мың отбасы баспаналы болады», - дейді облыстық құрылыс және сәулет басқармасының басшысы Серік Төленбергенов.
Жергілікті билік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әлеуметтік әлсіз топқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер салуды жоспарлап отыр. Жер мен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие алып, баспаналы бола алады.
«Жер алу кезегінде тұрған азаматтар жинақ банкі арқылы несие алып, бірден үйін салып алады. Ал жергілікті билік инженерлік желілерді тартып, газ, су, жарықпен қамтамасыз етеді. Биыл бұл мақсатқа 7,1 миллииард теңге қарастырылып отыр», - деді С.Төленбергенов.