Биыл 65 тауарлы сүт фермасының құрылысы қаржыландырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл қуаты 373 мың тонна болатын 65 тауарлы сүт фермасының құрылысы қаржыландырылады. Бұл туралы Сенаттың «Өңір» депутаттық тобының отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылдық аумақтарды дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасында ауылда жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауыл халқының табысын арттыруға ықпал ететін 2 бағытқа баса назар аудардық. Бірінші - ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасын масштабтау. Жоба сенім білдірген өкіл арқылы сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайтын және 7 жылға дейінгі ұзақ мерзімді шағын микрокредиттер беруді көздейді. Биыл осы жобаны іске асыруға 100 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 17 мың микрокредит беру жоспарлануда. Бұл шамамен 18 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, аталған бағытта ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту маңызды бағыт саналады.

Осы жоба аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін несие алу көзделген.

Бұл ауыл шаруашылығы техникасын, қажетті жабдықтарды сатып алуға және өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша шағын цехтар ашуға ықпал етеді.

«Екінші - импортқа тәуелді ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайтуға және ауылда жыл бойы жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ірі агроөнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірбиесін тираждау. Осы жылы облыс әкімдіктеріне 100 млрд теңге сомасына қайтарымды бюджеттік кредиттер бөлінді. Соның есебінен жалпы қуаттылығы 373 мың тонна болатын 65 тауарлы-сүт фермасының құрылысы қаржыландырылады. Осы іс-шараны табысты іске асыру үшін әкімдіктермен сенім білдірілген агент ретінде өңірлік даму институттарының атынан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың әлеуетін іске қосу жоспарлануда», - деді Рүстем Құрманов.