«Ағымдағы жылы жоспар бойынша біз 400 мың шаршы метр баспана тапсыруымыз қажет, бұл 7 мың пәтер. Бірақ, қазіргі уақытта жыл соңына дейін 430 мың шаршы метр, яғни 30 мың шаршы метрге артық тапсыратынымыз белгілі. Бұл шамамен 7,5 мың жалдамалы пәтер», - деді Қ.Бишімбаев.
Осы ретте Елбасы аталған баспаналардың бағасы қаншалықты қолжетімді екендігін сұрады.
«Республика бойынша құрылыстың орташа құны шаршы метріне 126 мың теңгеден айналды. Бір шаршы метрді жалға алу орташа 900 теңгені құрайды. Елдегі орташа жалақы 120 мың теңгені құрайды. Біз пәтерді екі адамнан тұратын жас отбасыға береміз. Егер олар орташа есеппен 150-180 мың теңге жалақы алатын болса, онда 50 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтерді жалдауға шамамен 40 мың теңге жұмсайды. Бұл 20 жыл ішінде өте қолжетімді. Біз оған ешқандай пайыз қоспаймыз, тек әкімшілік операциялық шығындар ғана алынады», - деді ол.
Сонымен қатар ол қазіргі уақытта 2016 жылға арналған 250 мың шаршы метр баспана құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті.