Биыл Ақмола облысында 18 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ұсақ шаруашылықтар ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативі - бұл 2017 және 2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешендерін дамытудағы мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі болып отыр.

«Ақмола облысы аумағында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда ауыл шаруашылығын кооперативтерін құру дұрыс жолға қойылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 16 мың ұсақ шаруашылықтар біріктірліп, 185 кооператив құрылды. 2016 жылы олар 800 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды», деді Қ.Итқұсов.

Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржылай қамтамасыз ету департаментінің сарапшысы Аскар Шайкин болса, жаңа бағдарлама аталған кооперативтерді субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінен түскен табыстан жалпы республика бойынша ауылға 300 миллиард табыс әкелетінін атап өтті.

Айталық кооперативтер сүт, ет, жеміс-жидек және көкөніс жинау тәрізді негізгі бағыттар бойынша құрылады. Сарапшылардың дерегі бойынша 5 жылдың ішінде республика бойынша 500 мың ұсақ шаруашылықтар кооперативтерге бірігетін болады. Бұл бағытта Ақмола облысында 2017 жылы тағы қосымша 18 ауыл шаруашылығы, 180 мал бордақылау алаңы және 18 сут қабылдау орны құру жоспарланған.