Биыл Ақмола облысында 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші аттестациялаудан өтеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысында 3224 мемлекеттік қызметші аттестациялаудан өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттау» тақырыбындағы брифингте Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Беспалинов мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыста 706 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Бұл органдарда 5962 мемлекеттік лауазым болса, оның  7-і саяси да, 25-і «А» корпусының мемлекеттік лауазымдары.

«Уәкілетті орган әзірлеген кешенді аттестаттауды өткізудің тәсілдемелеріне сәйкес, жекелеген санаттарды қоспағанда, облыста 3224 мемлекеттік қызметші аттестациялаудан өтеді. Тестілеуді күніне 4 лектен өткізу жоспарланып отыр. Тестілеу залындағы жұмыс станцияларының (компьютерлердің) саны-34. Онда бір күнде 136 адам тестілеуден өте алады. Осыған байланысты ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап, маусым айына дейінгі алдын ала желілік кестесі әзірленіп, аттестаттаудан өту кезегінің тізімі жасалды»,- деді Б.Беспалинов.

Сонымен қатар, департамент басшысы зейнет жасына 2 жыл қалған, аяғы ауыр, бала күту демалысындағы және 6 ай еңбек өтілі жоқ тәрізді санаттағы мемлекеттік қызметшілердің аттестациялаудан босатылатынын да атап өтті.