Биыл Ақмола облысында ел тарихындағы ір ат бәйгелерінің бірі өтеді

None
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - 6 маусым күні «Ұлы дала қырандары» қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Құлагер аламан» атты республикалық ат жарысы өтеді.

Бұл туралы бүгін аталмыш қозғалыстың болашақ жоспарларына қатысты өткен арнайы дөңгелек үстел отырысында қозғалыстың тең төрағасы Сәдібек Түгел мәлім етті.

Оның айтуынша, бұл тіке жол арқылы 1876 жылдан кейін алғаш рет ұйымдастырылғалы отырған жарыс. Жарысқа қатысатын тұлпарлар Шортанды ауданының «Дамсы» стансысының жанынан «Құлагер» ескерткішіне дейінгі аралықта шабады. 45 шақырымды құрайтын жарыстың бас жүлдесіне жеңіл көлік тігіледі.

«Бұл жарыс еліміз тарихындағы үлкен оқиғалардың бірі болатынына сенім білдіремін»,-деді республикалық қозғалыстың тең төрағасы.

Оның сөзінше, қозғалыс өкілдері қазақтың ат спорты өнерін әлемге таныту үшін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясымен келісіп, «Балқаш -2012 - Ұлы дала ойындары» халықаралық фестивалін ұйымдастырмақшы. Аталмыш шара Жамбыл облысының «Балқаш» көліне жақын аймағында биылғы жылдың маусым айының 20-26 аралығында өтеді.

«Фестивальға 20 мемлекеттің өкілдері келеді деп жоспарлап отырмыз»,-дейді С.Түгел.