Жиында Жастар жылы Ақмола облысында бірқатар жобалар жүзеге асырылатыны айтылды. Осы орайда, мемлекеттік саясатты халықаралық, республикалық жəне жергілікті деңгейде жүзеге асырудың басты бағыты мен жастардың жан жақты дамуы туралы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы жастар саясаты мәселелері бойынша бөлім басшысы Дамир Іргебаев айтып берді.
Дамир Іргебаев жастардың əлеуметтік мәселелерінің шешілуі мəселесіне тоқталды. Мəселен, 2018 жылы тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кəсіпкерлікті дамыту бойынша 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаға 5615 адам қатысты. Оның 2656-сы - ауылдық жерлерде.
Əлеуметтік жұмыс орындарына 168 адам, жастар практикасына - 611 жас жіберілді. Жыл ішінде еңбекпен қамту органдары арқылы 4830 жас жұмысқа орналасты. Көкшетау қаласында «Ақмола жастары» бағдарламасы бойынша 424 жас отбасына арналған 6 тұрғын үй салынады.
Бұдан бөлек, Зеренді ауданында түркітілдес елдердің көшбасшы жастарының форумы өткізіледі. Облыстық деңгейде Жастар форумы, «Тарихи тұлғалар жолымен» ғылыми жобалар байқауы, «Жас ұстаз - ел болашағы» жас ұстаздар байқауы, облыстың тарихи-мəдени əлеуетімен танысу бойынша киелі жерлерге «Жастар керуені» ақпараттық туры, сондай-ақ, жастардың «Жас сарбаз» əскери-патриоттық қозғалысын дамыту шеңберінде бірқатар шараларды жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар, пресс-конференцияда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа орналастыру сөз болды. Аталмыш бағдарламаның мүмкіндіктері туралы Зеренді аудандық мəдениет үйіндегі «Арғын» вокалдық тобының жетекшісі Серəлі Балтабай айтып берді.
Ал, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Сұлтанбек Бекішев алдағы жылдың міндеттеріне тоқталды. Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, тұрақты түрде жастардың ұсыныс тілегі мен жобаларын анықтау мақсатында əлеуметтік сауалнама жүргізіп отырады.
Жалпы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша, жастар саясаты саласында 50 000 адамды қамтыған 600 іс-шара ұйымдастырылды. Баяндамашылар атап өткендей, Жастар жылы жоспарланған шараларға жастарды неғұрлым көп тарту қарастырылған.