Биыл әлем елдерінің үкіметтері Копенгагенде климаттың өзгеруіне қатысты жаңа келісімді талқылайды - БҰҰ Бас хатшысы

АЛМАТЫ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биыл желтоқсанда Копенгагенде әлем елдерінің үкіметтері климаттың өзгеруіне қатысты жаңа келісімді талқылайды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммитінде мәлім болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл келісім парниктік газды азайтуда әділетті және тиімді болуы керек. Ол климаттың өзгеруінің салдарынан болатын өзгерістерді әлсіретуге ынтымақтаса даму арқылы қажетті ресурстар мен технологияларды беру жолымен көмектеспек. Келісім ағымдағы дағдарыс жағдайында инвестициялық және новаторлық қызметтің басы болуы да мүмкін», - делінген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Саммитке қатысушыларға жолданған құттықтауында. Бас хатшының арнайы өкілі - БҰҰ Аймақтық орталығының жетекшісі М. Енча оқып берген бұл хатта Пан Ги Мун аймақ басшыларын бұл үдеріске белсенді түрде қатысуға шақырған. Оның пайымдауынша, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары Арал теңізін құтқарудағы табанды әрекеттерін бұл келісімді жүзеге асыруда да көрсетуі керек.