Биыл алғаш рет «Еңбек даңқы» ордені табыс етілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл алғаш рет «Еңбек даңқы» ордені табыс етілді. Бұл туралы бүгін Ақордада елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлестері және қоғамдық қызметтері үшін бір топ азаматты жоғары наградамен марапаттау рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Дана хақымыздың «еңбек пен бақыт егіз» деген нақыл сөзі бар. Қазақстанда қалыптасқан еңбек қоғамының бүгінгі бейнесі осыған дәлел деп айтуға болады. Сондықтан биыл алғаш «Еңбек даңқы» деген орден тағайындалды, ол тек қана еңбек адамдарына тапсырылады. Оны бүгін тұңғыш рет тапсырайын деп отырмыз. Бұл орденнің үш дәрежесі бар. Үш дәрежесін бірдей алған адам Еңбек Еріне теңеледі», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы бұл орденмен Атыраудан Каспий құбырының операторы Есет Жұмағалиев, теміртаудан металлург Мұрат Ибраев, аға шопан Гүлдархан Сейтімбекова марапатталатындығын атап өтті. Аға шопанның Алматы облысының қой шаруашылығын өркендетуге ерекше үлес қосып келе жатқанын айтты.