Биыл алғаш рет онкологиялық науқастар медсақтандыру есебінен оңалтуға жіберіледі
«Былтыр Орталық Азия елдеріндегі алғаш рет орталық жүйке жүйесі ауруларын емдейтін радиохирургиялық гамма орталығын аштық. Бір жылда 263 ота жасалды. Семейдегі ядролық медицина орталығы жұмысын бастады. Өткен жылы қатерлі ісіктерді емдеу үшін 15 пациентке диагностика жүргізілді. Осылайша бұрын мұндай емді шетелден алып келген пациенттер ел ішінде емделуге мүмкіндік алды», - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, мамандандырылған медициналық көмекті жетілдіру шеңберінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту үшін жедел және паллиативтік көмектің халықаралық стандарттарына кезең-кезеңімен көшу жоспарлануда.
«Жоғары технологиялық медициналық қызметтер көлемін 30% ұлғайтуға қаражат бөлінді. Онкологиялық көмекті жетілдіру шеңберінде томотерапия, сәулелік терапия, радиациялық йод терапиясы сияқты жоғары технологиялық қызметтердің көлемі ұлғайтылады. Сондай-ақ, биылдан бастап МӘМС қаражаты есебінен алғаш рет онкологиялық науқастарға медициналық оңалту қызметі көрсетілетін болады. Семей, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясында 4 позитронды эмиссиялық томография орталығын ашу жоспарлануда», - деді Ажар Ғиният.