Биыл алғашқы тоқсанда Қазақстаннан Тәжікстанға экспорт көлемі 200 млн долларға жуықтады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдың І тоқсанында Қазақстаннан Тәжікстанға экспорт көлемі 200 млн долларға жуықтады. Бұл туралы Қазақстан-Тәжістан бизнес форумында Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдеріміз бүгінде стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілген шын мәніндегі достық қарым-қатынас орнатты. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында біз бүгінгі іс-шараны бауырлас Тәжікстанмен екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейту жөніндегі бірлескен ниетімізді тағы да растай отырып өткіземіз. Біз Тәжікстанмен кең ауқымды бағыттар бойынша одан әрі жұмыс істеуге ниеттіміз. Тәжікстан өңірдегі негізгі серіктестердің бірі саналады және сауда-саттық жыл сайын оң динамиканы көрсетіп отыр», - деді вице-премьер.

Мәселен, оның дерегінше, екі елдің арасындағы сауда-саттық өткен жылы 18,5 пайызға өсіп,1,4 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстан экспорты 9,7 пайызға артып, 877 млн АҚШ доллары көлемінде болды. Атап айтқанда, астық экспорты 29 пайызға, маргарин 7,6 есе, күнбағыс майы 42 пайызға, арпа 2,3 есе артты. Тәжікстаннан да импорт көлемі 38 пайызға жуық ұлғайып, 500 млн долларға жетті. Қазақстан Тәжікстаннан мыс концентраттарын, кептірілген жеміс, жаңғақ, минералды және газдалған су, көкөніс пен жеміс-жидек сатып алады.

«Сондай-ақ, биыл осы үрдістің жалғасын көріп отырғанымызды қуанышпен атап өткен жөн. Мәселен, Қазақстаннан Тәжікстанға экспорт бірінші тоқсанда 22 пайызға өсіп, 200 млн долларға жуықтады. Осылайша, ел басшыларының мемлекеттер арасындағы тауар айналымын 1 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі алға қойған міндеті сәтті орындалғанын атап өткім келеді. Алайда, біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек және нәтижемізді екі есе арттыру үшін ілгерілеуіміз қажет», - деді Серік Жұманғарин.